ҚАЗАҚСТАНДА МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІН ҚОРҒАУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ЗАҢНАМАЛЫҚ ШАРАЛАР КҮШІНЕ ЕНДІ
16 марта, 2026
🔹Бүгін, 2026 жылғы 7 наурызда, Қазақстанда Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленіп, қабылданған медициналық қызметкерлерге қатысты дене күшін қолдану мен қорқыту әрекеттері үшін жазаны күшейтуге бағытталған Қылмыстық кодекске енгізілген өзгерістер күшіне енді. 🔹Аталған өзгерістер Қылмыстық кодекске жаңа бап енгізуді қарастырады. Бұл бап медицина қызметкерлерінің, сондай-ақ жедел медициналық жәрдем бригадаларының жүргізушілерінің қызметтік міндеттерін атқару кезінде олардың өміріне, денсаулығына және қауіпсіздігіне қол сұғу фактілері үшін қылмыстық жауапкершілікті белгілейді.
🔱 Құжат нормаларына сәйкес:
• Күш қолданамын деп қорқытқаны үшін 200-ден 500 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін айыппұл салу, не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не 300 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар, не 2 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру түріндегі жаза қарастырылған;
• Аталған әрекеттер ауырлататын мән-жайларда жасалған жағдайда, жаза күшейтіліп, 2 жылдан 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыруды құрайды;
• Өмірге және (немесе) денсаулыққа қауіпті емес күш қолданғаны үшін 500-ден 1000 АЕК-ке дейін айыппұл, не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар, не 2 жылдан 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру көзделген;
• Өмір мен денсаулыққа қауіпті күш қолдану 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырумен жазаланады, ал ауырлататын мән-жайлар болған жағдайда — 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған.
🔹Сонымен қатар заңнамалық өзгерістермен қатар медицина қызметкерлерінің жұмыс орындарындағы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған қосымша шаралар медициналық ұйымдарда енгізілуде.
Орта мерзімді кезеңге жоспарланған шаралар:
• 2,1 мыңнан астам фельдшерді бейнежетондармен қамтамасыз ету;
• 636 қабылдау бөлімінде дабыл батырмаларын орнату;
• Зияткерлік талдауы бар бейнебақылау жүйелерін интеграциялау;
• Ел бойынша 152 стационарда тәулік бойы жұмыс істейтін полиция бекеттерінің қызметін қамтамасыз ету.
🔹Президент бұған дейін медицина қызметкерлерінің денсаулығы мен әл-ауқатына зиян келтіретін мұндай оқиғалар «Заң және тәртіп» қағидаттарына сәйкес құқықтық алаңда қатаң түрде тоқтатылуы тиіс екенін атап өткен.
2019 жылдан бері Қазақстанда дәрігерлерге, фельдшерлерге, медбикелерге және денсаулық сақтау жүйесінің басқа да қызметкерлеріне қарсы 280-нен астам шабуыл фактісі тіркелген.
🔹Медицина қызметкерлерін қорғау жөніндегі заңнамалық шаралардың күшіне енуіне байланысты, Жедел медициналық жәрдем қызметінің қосалқы станцияларында қызметкерлерге арналған түсіндіру семинарлары ұйымдастырылып, өткізілді.
Іс-шаралар барысында медицина қызметкерлері мен жедел жәрдем бригадаларының жүргізушілері қызметтік міндеттерін атқару кезінде медицина қызметкерлеріне қатысты құқыққа қарсы әрекеттер үшін жауапкершілікті күшейтуге бағытталған қылмыстық заңнамаға енгізілген өзгерістермен толық таныстырылды.
Қызметкерлердің жеке қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қауіп-қатер немесе пациенттер мен айналадағы адамдар тарапынан агрессия туындаған жағдайда әрекет ету алгоритмдері, сондай-ақ құқықтық қорғану тетіктері мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Қосалқы станциялардың барлық қызметкерлері жаңа заңнама нормалары туралы хабардар етіліп, танысқаны жөнінде қол қойды.
Өткізілген іс-шаралар персоналдың құқықтық сауаттылығын арттыруға, медицина қызметкерлерінің қорғалу деңгейін күшейтуге және халыққа шұғыл медициналық көмек көрсету кезінде қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге бағытталған.