Спорт и достық: Алматыда медицина қызметкерлері арасында «AQNIET» кәсіподағының қолдауымен мини-футбол турнирі өтеді
21 сентября, 2025
Алматы қаласында денсаулық сақтау саласы қызметкерлері арасында дәстүрге айналып келе жатқан спорттық шараның кезекті кезеңі өтпек. «AQNIET» Қазақстандық денсаулық сақтау қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің Алматыдағы филиалы қала мен облысқа қарасты кәсіподақ құрамындағы 14 медициналық мекеме арасында «ДОСТЫҚ» атты шағын футбол жарысын ұйымдастыратынын хабарлады. Жарыстың басты мақсаты – медициналық ұйымдар қызметкерлерін жүйелі түрде спортпен шұғылдануға ынталандыру, шағын футболды кеңінен насихаттау және дене шынықтыру арқылы салауатты өмір салтын қалыптастыру. Ұйымдастырушылардың айтуынша, спорттық дода медицина қызметкерлері арасындағы бірлікті арттырып, ұжымдық рухты нығайтады. Жарысқа әр команда 7–8 ойыншыдан қатысады. Командалар міндетті түрде біркелкі спорттық формада келуі тиіс. Сонымен қатар қатысушылардың толық тізімі, олардың өмірі мен денсаулығына жауапты тұлға көрсетілген мекеме басшысының бұйрығы, дәрігерден анықтама, жеке куәлік және зейнетақы жарнасы туралы құжат ұсынылуы қажет. Жарыс қорытындысы бойынша үздік ойын көрсеткен командалар кәсіподақ ұйымының арнайы марапаттарымен мен сыйлықтарымен көтермеленеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, «ДОСТЫҚ» футбол турнирі қызметкерлердің денсаулығын нығайтып қана қоймай, ортақ құндылықтар мен достықты дәріптейтін маңызды алаңға айналып отыр.