Бір команда, бір мақсат – адам өмірін сақтау.
21 июня, 2026
Медицина қызметкері күні қарсаңында жедел медициналық жәрдем қызметі мен №1 қалалық клиникалық ауруханасы мамандарының үйлесімді жұмысының жарқын үлгісіне айналған оқиғамен бөлісеміз.
Түнгі уақытта жедел медициналық жәрдем қызметіне ес-түссіз жатқан әйел туралы шақырту келіп түсті. Науқастың жағдайы аса ауыр деп бағаланды.
Оқиға орнына жедел түрде дәрігер Қадырбай Төребек, фельдшер Тынбас Абай және жүргізуші Естемесов Есілден құралған жедел медициналық жәрдем бригадасы жетті.
33 жастағы пациентке антибиотик көктамыр ішіне енгізілгеннен кейін ауыр аллергиялық реакция дамып, клиникалық өлім белгілері байқалды.
Жедел медициналық жәрдем бригадасы бірден жүрек-өкпе реанимациясын бастап, науқастың өмірлік маңызды қызметтерін қалпына келтіре алды.
Алдын ала қойылған «дәрілік препаратты енгізуге байланысты дамыған анафилактикалық шок» диагнозымен пациент №1 қалалық клиникалық ауруханасына жеткізілді.
Қабылдау бөлімінде науқасты терапевт дәрігер Мәдина Жүнісбекова қарап, кейін жансақтау және қарқынды терапия бөліміне ауыстырды.
Кезекші реаниматолог дәрігерлер Елдос Қойшыманов пен Сабира Қуаныш қарқынды шокқа қарсы емді жалғастырып, пациенттің жағдайын тұрақтандырды.
Қазіргі таңда пациент дәрігерлердің бақылауында, оның жағдайында оң динамика байқалады.
Пациент өз өмірін сақтап қалуға атсалысқан жедел медициналық жәрдем қызметінің қызметкерлеріне және №1 қалалық клиникалық ауруханасының медицина мамандарына кәсібилігі, жедел әрекеті және көрсеткен көмегі үшін шынайы алғысын білдіреді.
Бұл оқиға тағы бір мәрте медицинаның алғашқы шақыртудан бастап стационардағы емге дейін біртұтас жүйе ретінде бір мақсат – адам өмірін құтқару жолында қызмет ететінін дәлелдейді.