Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі «Адам саудасы - ауыр қылмыс!» республикалық ақпараттық науқанын қолдайды
Адам саудасы - адам құқықтарының өрескел бұзылуы болып табылатын, азаматтардың өмірі мен денсаулығына, қауіпсіздігі мен әл-ауқатына елеулі қатер төндіретін қылмыс.
Қазіргі таңда қылмыстық топтар адамдарды жұмысқа орналастыру, оқу немесе өзге де тартымды ұсыныстарды желеу етіп, оларды алдап-арбау және әртүрлі қанау түрлеріне тарту мақсатында цифрлық технологияларды, әлеуметтік желілер мен интернет-платформаларды кеңінен пайдалануда.
Бүгінде адам саудасының құрбанына жасына, мамандығына немесе білім деңгейіне қарамастан кез келген адам айналуы мүмкін. Сексуалдық қанау мен мәжбүрлі еңбекке қоса, жәбірленушілерді интернет-алаяқтыққа, киберқылмыстарға, заңсыз көші-қонға, есірткі құралдарының заңсыз айналымына және басқа да құқыққа қайшы әрекеттерге мәжбүрлеу жағдайлары жиілеп келеді.
Денсаулық сақтау жүйесі үшін адам саудасы мәселесі ерекше маңызға ие. Қанауға ұшыраған адамдар көбіне кешенді медициналық, психологиялық және психоәлеуметтік көмекке мұқтаж болады. Зорлық-зомбылықтың салдары дене жарақаттары, психикалық денсаулықтың бұзылыстары, созылмалы күйзеліс, үрей, депрессиялық жағдайлар және өзге де денсаулыққа кері әсер ететін бұзылыстар түрінде көрініс табуы мүмкін.
Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі ұйымдастыратын 2026 жылғы 24-30 шілде аралығында өтетін «Адам саудасы - ауыр қылмыс!» республикалық ақпараттық науқанын қолдайды.
Науқанның негізгі мақсаты - халықтың адам саудасының қазіргі заманғы түрлері туралы хабардарлығын арттыру, азаматтардың қылмыстық схемаларға тартылуының алдын алу, мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек шаралары туралы ақпараттандыру және адам құқықтары мен қадір-қасиетін қорғауға қоғамның жауапкершілігін күшейту.
Ақпараттық науқан аясында медициналық ұйымдар, Жастар денсаулық орталықтары және алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдары халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Ерекше назар психикалық денсаулықты сақтауға, медициналық және психологиялық көмекке мұқтаж адамдарды ерте анықтауға, сондай-ақ қолжетімді қолдау қызметтері туралы ақпарат беруге аударылады.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі азаматтарды, әсіресе шетелде жұмысқа орналасуға қатысты ұсыныстарға сақтықпен қарауға, жұмыс беруші туралы ақпаратты мұқият тексеруге, жеке басын куәландыратын құжаттарды және жеке деректерін бейтаныс адамдарға бермеуге, күмәнді жағдайлар туындаған кезде дереу құқық қорғау органдарына жүгінуге шақырады.
Зорлық-зомбылықтан зардап шеккен адамдардың денсаулығын қалпына келтіруде медициналық және психологиялық көмекке уақтылы жүгінудің маңызы зор.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі азаматтарды қырағылық танытуға, өзінің және жақындарының қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырады.
Мемлекет, қоғам және әрбір азаматтың бірлескен күш-жігері арқылы ғана адам саудасының алдын алып, адамның денсаулығын, қадір-қасиетін, бостандығы мен қауіпсіз өмір сүру құқығын қорғауға болады.
Жыл сайын 30 шілдеде Біріккен Ұлттар Ұйымының бастамасымен Дүниежүзілік адам саудасына қарсы күрес күні атап өтілетінін айта кету керек.
Биыл ол қанаудың жаңа түрі адам саудасының құрбандарын ең алдымен онлайн-алаяқтық саласында қылмыс жасауға мәжбүрлеу нысанына назар аударуға арналған «Алаяқтық тұзағында» ұранымен өтеді.
Адам саудасы – ауыр қылмыс. Бей-жай қарамаңыз.