Наурызнама декадасының үшінші күні Мәдениет және ұлттық дәстүрлер күніне арналады. Бұл – ата-бабаларымыздан мирас болып қалған салт-дәстүрлерді ұлықтап, ұлттық құндылықтарды жас ұрпаққа жеткізетін ерекше күн. Алматы қаласы Жедел медициналық жәрдем қызметінің 8-ші және 12-ші қосалқы станциясының қызметкерлері қазақтың көне дәстүрлерінің бірі – құдалық рәсімін көрсетті. Дәстүр бойынша, ұлттық тағамдар қойылған дастархан басында құдалар бір-бірін қарсы алып, екі жақтың танысу рәсімі өтті. Бұл екі әулеттің арасындағы жаңа туыстық байланыстың басталуын білдіреді. Салтқа сай, құда түсудің белгісі ретінде қалыңдықтың құлағына сырға тағылды. Бұл – қыздың ресми түрде құда түсіп, ұзатылуға дайын екенін білдіретін маңызды дәстүр.Мерекелік шара ұлттық әндер мен билерсіз өткен жоқ. Жиналғандар қазақтың халық әндерін шырқап, ұлттық билер билеп, көтеріңкі көңіл-күйде салт-дәстүрімізді дәріптеді.Осылайша, қазақ халқының бай мәдени мұрасын жаңғырту арқылы ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптеп, отбасы мен рухани құндылықтарды жас ұрпаққа аманаттау мақсаты жүзеге асырылды.