Алматының жедел жәрдемі 50 жаңа көлікпен толықты.

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Алматының жедел жәрдем қызметіне барлық қажетті медициналық құрылғылармен жабдықталған 50 жаңа көлікті тапсырды.

Қала әкімі Instagram-дағы парақшасында жедел жәрдем автопаркінің мегаполистегі медициналық мекемелерді модернизациялаудың үш жылдық жоспарына сай жаңарып жатқанын жазды.

«Бүгін жедел жәрдем қызметіне жаңа 50 Hyundai - Н 350 Ambulance автокөлігі берілді. Заманауи жедел жәрдем көліктерінің бортында дефибрилляторлар, электрокардиографтар, ӨЖЖ аппараттары мен басқа да қажетті жабдықтар бар», - деп жазды Б. Сағынтаев.

Оның айтуынша, автопаркті жаңа көліктермен толықтыру қаладағы медициналық мекемелерді модернизациялаудың үш жылдық жоспары бойынша жүргізілуде.

«Ағымдағы жылы 74 стационар мен емханаға шамамен 4,2 мың бірліктегі медициналық құрал-жабдықтар сатып алынды. Жедел жәрдемнің жаңа 85 көлігі сатып алынды. Келер жылдың басында тағы 50 көлік алынатын болады», - деп атап өтті Алматы әкімі.

«Жаңа көліктер пациенттерге шұғыл түрде жетіп, уақытылы көмек көрсетуге септігін тигізеді. Бұл, әсіресе, пандемия кезінде өте маңызды. Міндетіміз – қала тұрғындарының денсаулығын сақтау. Сақ болыңыздар!», - деп Б. Сағынтаев алматылықтарға үндеу жолдады.